Доктрина

«Нұр Отан» партиясы доктринасы 2013 жылғы тамызда қоғамдық және партияішілік талқылауға ұсынылды. Аймақтық филиалдардан, қоғамдық және саяси ұйымдардан, ҚР Парламенті депутаттарынан, шығармашыл және ғылымның зиялы қауым өкілдерінен, сарапшылардан, Интернет-пайдаланушылардан 300 астам ұсыныс келіп түсті.

Келіп түскен ұсыныстар мен ескертулер есепке алынған қорытынды құжат елеулі түрде пысықталып, 2013 жылғы 18 қазандағы партияның XV Съездінде қабылданды. 

 

 

1. «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ МИССИЯСЫ

 

«Нұр Отан» – халықтық партия. Бізге ел тағдыры үшін жауапкершілік жүктелген. Партиямыз өзінің құрылған күнінен бастап адамның, қоғамның және мемлекеттің дамуына жасалатын жағдайды жақсарту мақсатымен экономика мен саясатта ауқымды реформаларды тұрақты түрде жүзеге асырып келді.

Партияның негізін қалаушы – Елбасының басшылығымен Қазақстан халқы экономикасы серпінді дамыған қарымды қоғам және демократиялық мемлекет құрды. Біздің күш-жігеріміздің басты нәтижесі «Қазақстан-2030» Стратегиясының негізгі  межелерінің мерзімінен бұрын жүзеге асырылуы болды.

Бүгінгі таңда мемлекеттілік құру жөніндегі тарихи міндет  орындалды. Бұл барлық қазақстандықтардың бірлігі мен келісімінің,  табанды да қажырлы еңбегінің, ортақ құлшынысы мен үміттерінің жемісі.

«Нұр Отан» партиясы – қоғамды ұйыстыратын және Елбасының мемлекеттік бағытын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін басым  саяси күш.

Партия доктринасы «Нұр Отанның» ХХІ ғасырдағы миссиясын және «Қазақстан – 2050» Стратегиясын тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз етудегі біздің алар орнымызды айқындайды.

Біздің миссиямыз – эволюциялық дамуды қамтамасыз ету және алға қойған мақсатына ұмтылатын, заң талабын сақтайтын әрі еңбекқор азамат өзіне де, қоғамға да пайда келтіре алатын демократиялық, өркендеген, бәсекеге қабілетті және  әлеуметтік бағдарлы мемлекет құру.

 

Біздің басты жетістігіміз – ел Тәуелсіздігі

Халқымыздың қасиетті құндылығы – Тәуелсіздік. Қазақстанның барлық табыстарына Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізілді. Тәуелсіздік – бар бақытымыздың бастауы.

Қалыптасқан мемлекеттің берік іргетасын орната отырып, біз алдағы кезде де халқымыздың бірлігі мен келісімін нығайта береміз.

Мемлекеттің, қоғамның және азаматтардың күш-жігері түгелдей Тәуелсіздікті нығайтуға бағытталуға тиіс. Елдігімізді қорғау – біздің Тарих алдындағы, болашақ ұрпақтар алдындағы парызымыз.

 

Біздің идеямыз – Қазақстанды өркендету

Қазіргі таңда мемлекеттің орнықты дамуы үшін қажетті жағдай жасалған.

Өркендеу дегеніміз біз үшін – барлық азаматтардың өмір сапасын ұдайы жақсартуды қамтамасыз ететін экономикалық дамудың жоғары қарқынына қол жеткізу. Сондықтан біздің өзекті міндетіміз – орнықты экономика мен қоғамдық-саяси тұрақтылықтың арқауы болып табылатын қуатты орта тапты қалыптастыру.

Біз Қазақстанның одан әрі өркендей беруі үшін жауапкершілікті өзімізге жүктейміз.

 

Біздің саяси тұғырнамамыз – орталықшылдық

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Елбасымыз тұрақтылық пен бірлікке, әлеуметтік-экономикалық прагматизмге, орнықты даму мен халықтың барынша кең топтары мүдделерінің теңгеріміне негізделген орталықшылдық, яғни центризм саясатын жүргізіп келеді.

Біздің барлық шешімдеріміз бен іс-қимылдарымыздың өзекті шарты  – халық тағдыры үшін жауапкершілік және қоғамдық үнқатысу.

 

Біздің саяси идеалымыз –  Елбасы

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – біздің партиямыздың негізін қалаушы.

Тәуелсіздікке қол жеткізу мен Қазақстан табыстарының дүние жүзінде танылуы – Елбасының ерен еңбегі.  

Халқымыздың болашағын Елбасының мемлекеттік бағыты айқындайды.

Елбасы Қазақстанның стратегиялық мақсаттарын белгілеп қана қоймай, оларға қол жеткізудің жағдайын да жасады.

Елбасының даналығы, гуманизмі, мұқалмас ерік-жігері, болашаққа ұмтылысы және халқына шексіз беріле қызмет етуі біз үшін де, болашақ ұрпақтар үшін де әрқашан үздік үлгі бола бермек.

 

2. БІЗДІҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗ

Адам

Біздің басты құндылығымыз – Адам, оның қадір-қасиеті мен құқы,  амандық-саулығы мен заңдық мүдделері.

Әр азамат туғаннан дені сау, білімді болуға, еңбек етуге, лайықты еңбекақы табуға, отбасын құруға, жеке баспана иеленуге, өз балаларының болашағын қамдауға мүмкіндік беретіндей әлеуметтік және басқа да игіліктерге кепілді әрі тең тұрғыда қол жеткізе алуға тиіс.

 

Бостандық

Адам бостандығы дегеніміз – әркімнің өз болашағын өзі таңдау еркі. Адамның Конституция кепілдік ететін құқы мен бостандығын жүзеге асыру біздің басты міндетіміз болып табылады.

Бір адамның бостандығы басқа адамның бостандығына нұқсан келтірмеуге тиіс. Бостандық жауапкершілікпен баянды етілмек.

 

Заңның үстемдігі

Заң адам және азаматтың құқы мен бостандығын, адамның қадір-қасиетін, жеке меншікті қорғайды.  

Мәртебесіне және шыққан тегіне қарамастан Заң алдында жұрттың бәрі тең. Конституция мен заңнаманы бұлжытпай сақтау – әділетті қоғамның, баршаға тең мүмкіндік жасаудың негізі.

 

Әділеттілік

Әділеттілік дегеніміз – баршаның мүмкіндіктерінің теңдігі.

Мемлекет азаматтардың көздеген ойын жүзеге асыруға теңдей жағдай жасауға тиіс. Алайда, мемлекет берген сол мүмкіндікті қалай пайдаланатыны азаматтардың өздерінің  таңдауы мен жауапкершілігіне байланысты.

 

Ынтымақшылдық

Халықтың бірлігі мен қоғамдық келісім Қазақстанның өркендеуінің шешуші шарты болып табылады.

Бірлік пен келісімнің негізі – ынтымақшылдық. Бұл – өзара сенім мен өзара жауапкершілік.

Ынтымақ отбасынан басталады. Ол отбасы мүшелерінің, достардың, айналадағы адамдардың бір-біріне көмектесуінен, рухы күштілердің әлсіз жандарға, бақуатты кісілердің тұрмысы төмендерге, денсаулығы жақсы адамдардың  науқастарға, жасы үлкендердің өзінен кішілерге жанашыр болуынан танылады.

 

Болашаққа ұмтылыс

Біз әрдайым биік межелерді көздеп, мақсатымызға қол жеткізіп келдік. Біздің болашаққа ұмтылысымыз және жетіле түсуге ұдайы талпынысымыз – Қазақстанның одан әрі өркендеуінің аса маңызды шарты.

Сондықтан да жаңа оқу-білімге ұмтылу, еңбек ету және басқалардың еңбегін құрметтеу, өз денсаулығына дұрыстап қарау және дәйім өзін өзі ұштап отыру әрбір азамат үшін өмірінің қалыпты қағидасына айналуы керек.

 

Отбасы және Дәстүр

Жаһандану дәуірінде өзінің тарихының, мәдениеті мен тілінің қадіріне жететін халық қана табысты өркендей алады.

Барлық ұлттардың өзіндік ерекшелігін сақтай отырып, қазақ тілін, мәдениет пен дәстүрді дамыту біздің стратегиялық басымдығымыз болып табылады.

Отбасы – біздің қоғамымыздың құндылықтарын сақтаудың аса маңызды институты. Ұрпақтар сабақтастығы, жасы үлкендерге құрмет көрсету, балаларға қамқор болу, өзара қолдау дәстүрі, еңбексүйгіштік пен білімге құштарлық дәл отбасында қалыптасады.

Отбасын нығайту мен дәстүрлерді сақтау  – мемлекеттілігімізді дамытудың кепілі. Сондықтан да біз отбасының мерейін барынша үстем ете беруіміз керек.

3. АЗАМАТ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ: ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛДЫҢ ЖАҢА ҚАҒИДАТТАРЫ

 

Азаматтарға қызмет ететін мемлекет

Қоғамның дамуында мемлекеттің алар орны қашанда өзекті болған және солай болып қала береді. Бұл орайда,  бізге мемлекет пен азаматтардың өзара қарым-қатынасының мүлде жаңа сипатын қалыптастыру қажет.

Мемлекет пен азаматтар – құқықтары мен міндеттері конституциялық тұрғыдан бекітілген тең әріптестер.

Мемлекет азаматтардың заңдық мүдделерін көздеуге, құқы мен бостандығын баянды етуді қамдауға, олардың Конституция мен заңнаманы бұлжытпай орындауына бағыт-бағдар ұстауға тиіс.

 

Жауапты азаматтық қоғам

Ортақ мүдделері бойынша, мәселелерді шешу үшін біріккен азаматтардың белсенділігі ел дамуының аса маңызды шарттарының бірі болып табылады.

Жауапты азаматтық қоғам – демократиялық дамудың және  мемлекеттік басқару тиімділігінің өзекті факторы.

«Нұр Отан» партиясы – азаматтық қоғамның ажырағысыз бөлігі. Сондықтан біз азаматтық бастамаларды дамытуға, қоғамдық бірлестіктер арасында кеңінен үнқатысуға, қоғамдық бақылауды күшейтуге жағдай жасауға тиіспіз.

Біз мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара тиімді іс-қимыл жасауы үшін жауаптымыз.

 

Азаматтары еркін әрі жауапты ұлт

Мықты ұлт дегеніміз – мемлекеттің дамуы мен өркендеуіне үлес қосуға дайын тұратын жауапты азаматтар.

Біз еліміздің азаматтары еркін, ынтымақшыл, заңға тақ тұратын, болашаққа ұмтылғыш, дәстүр мен мәдениетті құрметтейтін, отбасы құндылықтарын  қастерлейтін және келер күнге құлшынған адамдар  болғанын қалаймыз.

Жастарды отаншылдықтың арқауына айналатын осынау құндылықтарды қастерлейтіндей етіп тәрбиелеу әрқашанда Қазақстанның табысқа жетуі мен өркендеуінің кепілі болмақ.

 

4. ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ТАБЫСТЫҢ ФАКТОРЛАРЫ

 

Бірлік пен келісім

Біздің елімізді халықаралық қоғамдастық бейбітшілік пен келісімнің, мәдениеттер мен діндер үнқатысуының үлгісі ретінде таниды.

Қазақстанның табысты дамуының сенімді іргетасы –  халықтың бірлігі мен қоғамдық келісім.

Біз өз қоғамымызды  сан алуан көзқарастар мен идеялар кең өріс алған плюралистік қоғам ретінде танимыз. Елдегі бірлік пен келісімді сақтау демократиялық институттардың одан әрі дамуы мен тиімділігіне байланысты болмақ.

Сондықтан біз қоғамымыздағы демократиялық мәдениет пен дәстүрлерді  нығайтуға барынша ықпал етуге тиіспіз.

 

Төл мәдениет және руханилық

Мәдениет пен руханилық қоғамды біріктіреді.

Мәдениет – өмірдің өнерден, тарихи мұрадан, дәстүр мен тілден нәр алатын аса маңызды саласы.

Біз қоғамымыздың бірегейлігін айқындайтын мәдени және рухани құндылықтарды сақтап, ұлғайта түсуді жақтаймыз.

Қазақстан конфессияаралық келісімнің үлгісі, діндер үнқатысуының әлемдік орталығы болып табылады. Біздің зайырлы мемлекетімізде сенім-наным мен дін – руханилықтың, моральдің және толеранттылықтың  маңызды қайнар көзі.

Мәдениеттердің өзара кірігуі жеделдей түскен заманда біз, өзгелердің жақсы жағын бойымызға сіңіре отырып, өзіміздің мәдени төлтумалығымызды сақтай білуіміз қажет.

 

Қуатты экономика

Экономикалық саясат  барлық азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталуға тиіс.

Біз жеке меншікке қол сұқпауды, ашық бәсекелестікті, макроэкономикалық тұрақтылықты, қолайлы инвестициялық ахуалды, өңірлердің теңгерімді дамуын, экономиканы әртараптандыруды,  инфрақұрылымды дамытуды, инновациялар мен экспортты ынталандыруды жақтаймыз. Бұл кәсіпкерлік бастаманы жүзеге асыруға қажетті жағдай жасайды, экономиканың орнықтылығы мен икемділігін қамтамасыз етеді.

Бизнес экономикалық дамудың қозғаушы күші, инновациялардың негізгі тартушы тетігі болып табылады, жұмыспен қамту жөнінде маңызды әлеуметтік миссия атқарады, орта таптың негізін және азаматтық қоғамның тірегін құрайды. Сондықтан біз отандық бизнесті жан-жақты қолдау жағындамыз.  

Өзара жауапкершілік пен әріптестік мемлекет пен бизнес қарым-қатынасының маңызды қағидаты болуға тиіс.

ХХІ ғасыр  экономикасының негізі – ғылым мен инновация, тиімділігі жоғары, қуат үнемдейтін әрі экологиялық жағынан таза технологиялар. Экологиялық пайымдауды енгізу – табиғат ресурстарын көкейге қонымды пайдаланудың және  оны ұрпақтар арасында әділетті бөлудің кепілі.

 

Әділетті әлеуметтік саясат

Әлеуметтік саясат әрбір азаматтың әлеуетін жүзеге асыруға  теңдей мүмкіндіктер жасауға бағытталуға тиіс.

Азаматтардың барлығы өмірдің жоғары үлгі-қалыптарына сай келетін әлеуметтік қызметтерге тең қол жеткізе алатын болуы керек. Бұған  мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың ынтымақшыл жауапкершілігі арқасында қол жеткізілуі қажет.

Атаулы әлеуметтік көмек халықтың әлсіз топтарына ғана көрсетілуі керек. Мемлекеттік қолдау ең алдымен азаматтарды толыққанды әлеуметтік және экономикалық өмірге белсенді араластыруға бағытталуы керек.

Зияткер ұлт

Бүгінгі әлемде үдемелі экономикалық дамудың өзекті шарты білім мен инновация болып табылады.

Жаңа білім  мен серпінді технологияларды тың идеялар мен білімді бойға сіңіруге дайын тұратын, сыни тұрғыдан және жасампаздық ыңғайда ойлай білетін, өз еңбегіне жауапкершілікпен қарайтын білімді де кәсіби азаматтар жасайды.  Зияткер ұлттың негізін тап солар құрайды.

Ұлттың зияткерлік әлеуетінің дамуы білім мен ғылымның өмір бойы білімді жетілдіруге, дағдылар мен іскерлікті  шыңдауға ынталандырып, мүмкіндік ашатын жүйесінің тиімділігіне байланысты.

Бізге азаматтарымыздың зияткерлік әлеуетін барынша жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайлар және инновациялық инфрақұрылым жасау қажет.

 

Тиімді мемлекеттік басқару

Мемлекеттік органдар халықтың мүддесіне қызмет етуі керек.

Біз мемлекеттік басқарудың тиімділігін және баршаға көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын қамтамасыз етуге тиіспіз.  

Біз жергілікті өзін өзі басқаруды жетілдіре түсуге және тұрғылықты халықтың мәселелерін тиімді шешуге септесетін боламыз.

Сыбайлас жемқорлықпен күресу баршаның және әр адамның міндеті. Сыбайлас жемқорлық біздің мемлекеттілігіміз бен демократиямызды жегідей жейді. Сондықтан да біз сыбайлас жемқорлықтың жолын кесудің және қоғамда оның кез келген көрінісіне ымырасыздық ахуалын қалыптастырудың жүйелік жағдайын жасаймыз.

Мемлекеттік басқару жүйесі барынша ашық әрі қоғамдық бақылау үшін қолжетімді болуы керек.

 

Әлемге ашық Қазақстан

Қазіргі дүниеде елдің өркендеуі мен қауіпсіздігіне әлемдік қоғамдастықтың өміріне белсенді әрі жауапты қатысу ғана кепілдік бере алады.

Біз Қазақстанның сыртқы саясатының теңгерімділігі мен көпвекторлығын жақтаймыз. Сыртқы саясаттың басым бағыттары – ұлттық мүддені қорғау, қорғаныс қабілетін күшейту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Біздің еліміз үшін ықпалдастық үдерістері өмірлік қажеттілік және орнықты дамудың кепілі болып табылады. Олардың арқауына қашанда халық пен мемлекеттің мүдделері алынуы керек.

 

5. ПАРТИЯНЫҢ ТАРИХИ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ

Біз ХХІ ғасырдың сын-қатерлеріне сақадай сай тұруға, елдің дамуы мен халықтың келешегі үшін жауапты болуға дайын екенімізді мәлімдейміз.

«Нұр Отан» партиясы алдағы кезде де ел өміріндегі өзінің басым рөлін сақтауға бекінген.

Ортақ игілікке қол жеткізу үшін біз барлық партиялар мен бірлестіктермен белсенді үнқатысуға, сындарлы пікір алмасуға және ой бөлісуге дайынбыз.

Біз Елбасының мемлекеттік бағытының мызғымайтындығы және тиімді жүзеге асырылуы азаматтарымыздың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ететініне сенеміз!

Біз әр азаматтың әлеуетін, жасампаздық күш-қуатын, болашаққа деген сенімі мен білімін өз Отанымыздың игілігіне жұмсауға тиіспіз!

«Нұр Отан» – ХХІ ғасырдың партиясы! «Нұр Отан» – болашақтың партиясы!

 

Дауыс беру

Cіздің ойыңызша

Мүгедектерді жұмысқа орналастыру бойынша міндетті 3% квота туралы  заңнама ережесі қаншалықты тиімді жүзеге асырылуда?

Жоқ, ереже тек қағаз жүзінде қалуда
35% (37 votes)
Иә, осы жылдан бастап мүгедектерді жұмысқа орналастыру бойынша ілгерлеу байқалады
26% (28 votes)
Жоқ, жұмыс берушілер үшін ынталандыру шаралары қажет
21% (22 votes)
Иә, алайда мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктер тарапынан бақылауды күшейту қажет
16% (17 votes)
Берілген дауыс саны: 104